СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛДІ
Сырдария ауданында әлеуметтік қызметшілер күні салтанатты түрде аталып өтті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агнеттігі.
Сырдария ауданында әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған кәсіби мереке – Әлеуметтік қызметшілер күні ерекше құрметпен атап өтілді. Адамның жан дүниесіне жылулық сыйлап, қоғамдағы әлсіз топтарға қамқорлық көрсетіп жүрген әлеуметтік сала мамандарының еңбегін дәріптеу мақсатындағы салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мыңбаев Азамат Амантайұлы, сондай-ақ сала ардагерлері мен қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген мамандар қатысты.
Іс-шара барысында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы барша әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің ерекше екенін атап өтті.
– Әлеуметтік қызметкер – мейірім мен жауапкершіліктің символы. Сіздер әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға, тұрмыс жағдайын түзеуге және өмірлік қиындықтарға тап болған жандарға демеу болуға атсалысып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз қоғамның тұрақтылығы мен ізгіліктің айғағы, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Мерекелік жиында әлеуметтік салада көп жылдар бойы еңбек етіп, өз ісіне адалдық танытып жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық басқарманың атынан да үздік қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен марапат белгілері табыс етілді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы облыс көлемінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әлеуметтік қолдау жүйесін тиімді ұйымдастырғаны үшін «Үздік бөлім» атағына ие болды. Бұл – аудан қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің айғағы.
Шара барысында әлеуметтік қорғау саласының ардагерлері де сахна төріне шақырылып, жылы лебіздер мен құрмет көрсетілді. Ардагерлер өз сөздерінде қазіргі буын мамандарына табыс тілеп, қоғам игілігі үшін адал еңбек етудің маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда Сырдария ауданында 40-тан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Олар ерекше күтімді қажет ететін қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өмірдің қиын жағдайына тап болған тұрғындарға қолдау көрсетіп келеді. Әрбір әлеуметтік қызметкердің жұмысы – тек кәсіп емес, ол – адам жанына жылу сыйлайтын миссия, қоғам алдындағы биік борыш.
Мерекелік жиын соңында аудан өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әсем ән мен күй қонақтардың көңілін көтерді.
Іс-шара – Сырдария ауданының әлеуметтік қызмет жүйесінде еңбек етіп жүрген жандарға деген алғыс пен құрметтің көрінісі болды.





