Қазалы аудан әкімдігінде нашақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды

2 982

Фото: Қазалы аудан әкімдігі Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық штаб отырысынан кейін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов кеңейтілген жиын өткізіп, өңірдегі өзекті мәселелердің бірі — нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу бағытында нақты тапсырмалар берді, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі. 


Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, денсаулық сақтау, білім беру салаларының басшылары мен жауапты мекеме жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында аудан аумағындағы есірткіге қатысты ахуал жан-жақты сараланып, әсіресе соңғы жылдары кеңінен таралып жатқан синтетикалық есірткілердің қоғамға, оның ішінде жастарға тигізіп отырған зияны ерекше атап өтілді. Аудан басшысы бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды тек формалды түрде емес, заманауи тәсілдермен, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі форматта ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-насихат жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру керектігі айтылды.

Аудандық полиция бөліміне есірткі қылмыстарының алдын алу мен жолын кесу бағытындағы жедел жұмыстарды күшейту тапсырылса, денсаулық сақтау саласына есірткіге тәуелді азаматтарды ерте анықтау, оларға уақтылы әрі сапалы медициналық және психологиялық көмек көрсету міндеті жүктелді. Ал білім беру мекемелеріне жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша кешенді шараларды тұрақты түрде жүзеге асыру тапсырылды. Бұл бағытта барлық тиісті органдардың өзара үйлесімді жұмысы маңызды екені ерекше атап өтілді.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері де кеңінен талқыланды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, әрбір мемлекеттік қызметкердің адалдық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын берік ұстануы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, алдын алу шараларын күшейту және заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында аудан басшысы барлық сала жетекшілеріне берілген тапсырмаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын ескертіп, әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу негізгі міндет екенін атап өтті.