Сырдария ауданында әлеуметтік қызметшілер күні салтанатты түрде атап өтілді

1 474

Фото: Сырдария аудан әкімдігі Сырдария ауданында әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.


Сырдария ауданында әлеуметтік қызметшілер күніне орай кең ауқымда ұйымдастырылған салтанатты жиын өтті. Бұл мереке – қоғамдағы ең әлсіз топтарға көмек көрсетіп, өмірлік қиындықтарға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау танытып жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін құрметтеудің айрықша күні болып табылады.

Іс-шараға Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы, сондай-ақ Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мыңбаев Азамат Амантайұлы арнайы қатысты. Қонақтар әлеуметтік сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғам алдындағы жауапты әрі күрделі еңбегіне терең ризашылықтарын білдірді.

Өз сөзінде аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы әлеуметтік қорғау саласында көп жылдан бері қызмет етіп, кәсібіне деген адалдығы мен шынайы жанашырлығын көрсетіп келе жатқан мамандардың еңбегі ерекше бағалануы тиіс екенін атап өтті. Ол тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға қолдау көрсету бағытында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар табыстап, олардың кәсіби біліктілігі мен ұсынылып отырған қызмет сапасына жоғары баға берді.

Салтанатты жиында сондай-ақ әлеуметтік салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер мамандар мен өз жұмысында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлер арнайы марапаттарға ие болды. Бұл марапаттар – олардың қажырлы еңбегіне берілген әділ баға әрі жас мамандарға үлгі болатын құрмет.

Мерекеде айтулы жетістіктердің бірі ретінде Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің облыс көлемінде жоғары нәтижелер көрсетіп, «Үздік бөлім» атағын иеленуі атап өтілді. Бұл – бөлім қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен бірлескен жұмысының нәтижесі.

Қазіргі таңда ауданда 40-тан астам әлеуметтік қызметкер түрлі санаттағы тұрғындарға қызмет көрсетеді. Олар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетіп, қажетті әлеуметтік көмектерді ұйымдастырып келеді. Бұл мамандардың елеулі еңбегі – аудан халқының әлеуметтік қорғалуына, тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған маңызды үлес.

Әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған бұл салтанатты шара олардың қоғамдағы рөлін айшықтап, халық үшін атқарып отырған еңбегінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар