Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдарында аудан әкімінің тұрғындарымен кездесу өтті
2 501
Кездесулерге аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім және сала басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Ашық форматта өткен жиындарда халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және өңірдегі түйткілді мәселелерді бірлесіп шешу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жиын барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталып, биылғы жылы атқарылып жатқан ауқымды жобалар туралы баяндады. Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің бірі – халықпен тұрақты кері байланыс орнату екенін атап өтті.
– Халықпен ашық әрі тұрақты байланыс орнату – біздің басты міндетіміздің бірі. Әрбір ауылдың, әрбір елді мекеннің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуі тиіс. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Халықтың ұсыныс-пікірлері әрдайым назарда болады, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларға ерекше тоқталды. Соңғы жылдары Сырдария ауданында елді мекендердің әлеуетін арттыру, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішінде ауылдарды табиғи газбен қамту мәселесі – тұрғындар көптен күткен маңызды жобалардың бірі екені айтылды.
Атап айтқанда, Қоғалыкөл ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 320 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті дайындық жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, Шіркейлі ауылын табиғи газ жүйесіне қосу мақсатында 400 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, жобалық және техникалық әзірлік жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жобалардың жүзеге асуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, өңірдің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді. Табиғи газдың келуі – экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, кәсіпкерліктің дамуына да оң әсер етіп, жаңа өндіріс орындарының ашылуына негіз қалайды.
Кездесулер барысында тұрғындар ауылішілік жолдардың жағдайы, ауыз су, көше жарығы, қоғамдық көлік, абаттандыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият назар аударып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар, аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың сауалдарына заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір мәселелер сол жерде шешімін тапса, бірқатар ұсыныстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоспарға енгізілетіні айтылды.
Халықпен кездесу барысында тұрғындар аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, елді мекендерді дамыту бағытындағы бастамаларға ризашылықтарын білдірді. Ашық диалог алаңына айналған кездесулер өзара пікір алмасуға, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауға және халықтың билікке деген сенімін арттыруға мүмкіндік берді.
Жалпы, мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың мұң-мұқтажын дер кезінде тыңдап, нақты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру, сондай-ақ ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету болып табылады.





