"Медицина қызметкерлері-ел мақтанышы" атты мерекелік іс-шара өтті
5 400
Аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігіне құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша орны мен жауапты қызметіне жоғары баға берді. Адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы дәрігерлердің еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өткен аудан басшысы бүгінгі таңда мемлекет тарапынан денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығы – ел дамуының басты кепілі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл игі бастамалар Қызылорда облысында да жүйелі түрде орындалып келеді. Облыс басшылығының қолдауымен медициналық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа нысандар салуға, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және кадрлық әлеуетті нығайтуға ерекше назар аударылуда, – деді аудан әкімі.
Берік Әбдіғаппарұлы өз сөзінде соңғы жылдары өңірдің денсаулық сақтау саласында жүзеге асқан маңызды жобаларға кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысының барлық аудандарында жалпы құны 10 миллиард 763 миллион теңгені құрайтын 28 жаңа медициналық нысан бой көтерді. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырды.
Осындай маңызды нысандардың бірі аудандағы Нағи Ілиясов ауылында пайдалануға берілген жаңа дәрігерлік амбулатория болды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар облыс орталығында жаңа қан орталығы салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл өңірдегі трансфузиологиялық қызметтің сапасын арттырып, қажетті қан компоненттерімен медициналық ұйымдарды тұрақты қамтамасыз етуге жол ашты.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары облыс көлеміндегі 24 медициналық мекеме 6 миллиард теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Ал заманауи медициналық жабдықтарды сатып алуға 15 миллиард теңге бөлініп, ауруханалар мен емханалардың техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай жақсарды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдегі медициналық ұйымдарға 225 бірлік санитарлық және жедел жәрдем автокөлігі берілді. Бұл шалғай ауылдарға шұғыл медициналық көмектің уақытылы жетуіне және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының артуына оң ықпал етуде.
Ауданның денсаулық сақтау саласында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Бүгінде аудандық ауруханада заманауи компьютерлік томограф (КТ) халық игілігіне қызмет көрсетуде. Бұрын күрделі диагностикалық тексерулер үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған тұрғындар енді қажетті қызметті өз ауданында ала алады.
Сонымен бірге аудандық ауруханаға сандық маммограф, портативті ультрадыбыстық зерттеу аппараты және жылжымалы рентген аппараты сатып алынып, іске қосылды. Бұл құрылғылар түрлі ауруларды ерте анықтауға, диагноз қою дәлдігін арттыруға және емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Медициналық қызметтердің аясын кеңейту мақсатында аудандық аурухана базасында облыстық деңгейде қызмет көрсететін «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшелері ашылды. Аталған бөлімдер тек аудан тұрғындарына ғана емес, өңірдің өзге аудандарынан келетін науқастарға да сапалы көмек көрсетуде.
– Жыл сайын аудандық аурухана мен емхананың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Мұның барлығы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге бағытталған. Ал бұл жұмыстардың табысты жүзеге асуы, ең алдымен, сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді аудан басшысы.
Мерекелік шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып, өз ісіне адалдық танытқан бірқатар медицина қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болды. Оларға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгілері, облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары салтанатты жағдайда табысталды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өз иелеріне берілді. Бұл марапаттар сала мамандарының көп жылғы адал еңбегі мен халық денсаулығын қорғаудағы кәсіби қызметіне көрсетілген жоғары құрметтің белгісі болды.
Мерекелік жиында денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне де ерекше ілтипат көрсетіліп, олардың көп жылдық еңбегі мен кейінгі буынға үлгі болатын тәжірибесі жоғары бағаланды.
Салтанатты рәсімнен кейін ауданның өнерпаздары мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалып, бишілердің әсерлі қойылымдары мерекелік кештің сәнін келтірді. Көрермендер өнер иелерінің өнеріне қошемет білдіріп, ақ халатты абзал жандарға деген ыстық ықыластарын жеткізді.
Медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған бұл салтанатты жиын адам өмірі мен денсаулығын сақтауды өмірлік мұрат еткен жандарға көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды. Денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қолдау, заманауи инфрақұрылымның қалыптасуы және медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетінің артуы – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Ал ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі мен жоғары жауапкершілігі қоғам игілігі жолындағы ең қастерлі қызметтердің бірі болып қала береді.





