Қызылордалықтар референдумда қалай дауыс береді?

1 599
Фото: ОСК 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум қарсаңында тұрғындардың дауыс беру үдерісін жеңілдету мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі бірқатар цифрлық сервистерді іске қосты, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
 
Облыстық референдум комиссиясының хабарлауынша, сайлаушылар өз учаскесі туралы мәліметті арнайы онлайн платформа арқылы біле алады. Ол үшін сайтқа кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу жеткілікті. Жүйе арқылы учаскелік комиссияның нақты мекенжайы, байланыс телефондары және комиссия мүшелерінің құрамы көрсетіледі. Сонымен қатар карта қызметі арқылы дауыс беру орнына жету бағыты да ұсынылған.
 
Бұдан бөлек, қажетті ақпаратты «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы мен Telegram мессенджеріндегі арнайы бот арқылы да алуға болады. Бұл сервистер де ЖСН енгізу арқылы азаматтарға өз учаскесі жайлы толық мәлімет береді.
 
Саяси науқан кезеңінде тұрғындар 109 бірыңғай байланыс нөміріне хабарласып, кеңес ала алады. Диспетчерлер учаскелердің орналасқан жері мен басқа да сұрақтар бойынша түсіндірме береді. Ал дауыс беру күні Қызылорда қаласында бес учаскеде қосымша онлайн тіркеу қызметі ұйымдастырылады. Егер азаматтар тізімнен өздерін таппаса, аталған нүктелерге барып тіркеле алады.