Шіркейлі ауылында «жұбайлар жыры» атты отбасылық ән байқауы өтті

1 922
Фото: Сырдария аудан әкімдігі Берік Сәрменбаев қатысуымен Шіркейлі ауылында 15 мамыр – Отбасы күніне арналған “Жұбайлар жыры” атты өнерлі жұптардың отбасылық ән байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды, - деп хабарлайды "Expressnews.kz" ақпарат агенттігі.
Тағылымы мол шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық тәрбиені насихаттау және өнегелі жанұялардың қоғамдағы беделін арттыру болды.
 
Мерекелік кеш аясында ұлттық салт-дәстүр мен отбасы тәрбиесіне арналған арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қазақы құндылықтарды айшықтайтын қолөнер бұйымдары, ұлттық нақыштағы жәдігерлер, отбасылық шығармашылық жұмыстар мен тұрмыстық мұралар қойылып, ауыл тұрғындары мен қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ұлттық рух пен тәрбиелік мәнге толы көрме көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.
 
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев жиналған қауымды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, отбасының қоғамдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталды. Өз сөзінде отбасы – мемлекеттің негізгі тірегі, ұлттың ұйытқысы екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан отбасы құндылықтарын сақтау жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударды.
 
Аудан басшысы бүгінгі қоғамда отбасы институтын нығайту, жас ұрпақ бойына адалдық, еңбекқорлық, білімпаздық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Сонымен қатар Сыр өңірінде ұлттық руханиятты жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыс орталығында ашылған “Отбасы орталығы”, “Анаға тағзым”, “Өнер орталығы” секілді нысандардың ел игілігіне қызмет етіп жатқанын жеткізді. Ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері жанынан жұмыс істейтін “Адал адам” рухани-мәдени орталықтарының да жастар тәрбиесінде маңызы зор екендігін атап өтті. Сондай-ақ аудан орталығында пайдалануға берілген “Руханият” орталығы ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жаңа алаңына айналғанын айтты.
 
Мазмұнды кеш барысында байқауға қатысқан 7 өнерлі жұп сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салып, әсем ән мен жарасымды отбасы үлгісін көрсетті. Қатысушылар отбасылық татулық, сүйіспеншілік пен сыйластықты насихаттайтын әндерді орындап, көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Әрбір жұптың сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі мен отбасы жарасымы әділқазылар алқасының назарында болды.
 
Байқау қорытындысында үздік өнер көрсеткен жұптар арнайы марапаттарға ие болып, Бас жүлде, І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, оларға аудан тұрғындары зор ықылас пен құрмет көрсетті.
 
Тағылымға толы мерекелік шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, отбасы бірлігі мен ұлттық тәрбиенің маңызын ұғындырған рухани кешке айналды.